Кубок Казахстана, 1/8 финалаКызылорда. Стадион им. Муратбаева
Кайсар - Актобе 0:3 (0:0)
Голы: Зенькович 56, Аймбетов 59, Коробкин 85
Нереализованный пенальти: Пиззелли 34
Предупреждения: Алтаев 55, Кулибали 71 - Мулдаров 71, Арзуманян 90+1
Кайсар: Ширяев, Яблан, Кулибали, Алтаев, Даутов, Шестаков, Шевцов (Хунт 60), Нарзилдаев (Калинин 64), Молдакараев (Розыбакиев 74), Мошников, Савич
Резерв: Прядкин, Кунов, Кляйн, Марушко
Актобе: Сидельников, Мулдаров, Харабара, Царикаев (Бадло 76), Пиззелли (Хайруллин 67), Арзуманян, Тагыберген, Шабалин (Коробкин 67), Гейнрих, Зенькович, Аймбетов
Резерв: Нарзикулов, Мирошниченко, Неко, Кападзе
Судьи: Кучин (Караганда), Будниченко (Экибастуз), Е. Попов (Усть-Каменогорск)
14 мая. Кызылорда. Стадион имени Гани Муратбаева. 4000 зрителей
«Қайсар» Қазақстан кубогының екінші кезеңінен сүрінді. Өз алаңында ел чемпионы «Ақтөбені» қабылдаған Қызылорданың «Қайсары» 0:3 есебімен жеңіліп қалды.
Обалы не керек, «Қайсар» футболшылары бас бапкері Дмитрий Огайға сыйлық жасағылары келді-ақ. Оған себеп те бар-тын. Бүгін Дмитрий Алексеевич 54 жасқа толды. Сондықтан, бас бапкерін қуантқылары келген алаң иелері «Ақтөбе» қақпасына гол соғуға барынша тырысты. Әсіресе, бірінші таймда қонақтардың ел чемпионы екеніне қарамай, айып алаңдарына тықсыртып, Андрей Сидельников қақпасын әбден піспектеді. Бірақ ұлттық құраманың қақпашысы сыр берген жоқ.
Үзіліске дейін-ақ алаң иелерінің гол соғатын керемет үш мүмкіндігі болды. Әттеген-айы, Кирилл Шестаковтың қақырата бағыттаған добы қақпа маңдайшасынан кері серпілсе, Жасұлан Молдақараевтың екі қорғаушыны алдап өтіп, қақпаға бағыттаған добы бағанадан миллиметрлер ғана қиыс кетті. Одан кейін Душан Савич те Андрейдің қырағылығын тексеріп көрді. Бірақ, кірмеймін деген допты қанша тепсең де қақпаға дарымай қояды екен ғой. Осылайша әне гол соғамыз, міне гол соғамыз дегенде бас төреші алды да қақпамызға пенальти белгілей салды. Маркос Пиззели жақындады нүктеге. Алайда, армениялық бразил футболшлысының тепкен добы қақпадан әлдеқайда биік ұшты. «Ақтөбе» де өз мүмкіндігін орындай алмаған соң «Қайсар» енді гол соғатын шығар деп күткенбіз. Дегенмен, бүгін қызылордалық команданың күні емес екен. Огай шәкірттерінің бірде-бір добы Сидельников қақпасына дарымай-ақ қойды. Екінші таймда да. Әйтпесе, алаңға шыға сала гол соғатын керемет мүмкіндікке ие болған Римо Хунт допта қақпадан асырып жіберуін, Душан Савичтің қақпаның дәл тоғыздық бұрышына тигізуін қалай түсіндіреміз?! Сәтсіздік емей немене?!
Ал «Ақтөбе» екінші таймда көсіліп сала берді. Алдымен Александр Гейнрихтің айып добын Игорь Зенькович қақпаға дәл қадаса, арада үш минут өтер-өтпестен Абат Айымбетовтың шірене тепкен добы Ширяев қорғаған қақпаның оң жағында тулап жатты. Ойынның аяқталуына шамамен бес минут қалғанда Валерий Коробкиннің қақырата тепкен добына «Қайсар» қақпашысы қамал бола алмады. Қорытынды есеп – 0:3, «Ақтөбе» ширек финалда.
Владимир Никитенко, «Ақтөбе» футбол клубының бас бапкері:
- Ойын бір голға дейін өтті. «Қайсар» – өте тамаша команда. Турнир кестесінде бекер көшбасшылар қатарында тұрған жоқ. Ел біріншілігіндегі кез-келген команданы жеңіп кете алады. Бүгін де гол соғатын сан мүмкіндіктері болды. Меніңше, таблодағы нәтиже мүлдем басқаша болуы да ғажап емес еді.
- Сіз «Ақтөбеге» кезінде «Қайсардан» кейін бардыңыз. Оған дейін 2012 жылы қызылордалық команданың бас бапкері едіңіз. Қалай ойлайсыз, сол кезбен салыстырғанда Сыр командасында жағдай қаншалықты өзгерген?
- 2012 жылы клубтың жағдайы өте нашар болатын. Маусым ортасында команданың тізгінін өз қолыма алып, чемпионатты 9-орынмен аяқтағанбыз. Қазір «Қайсардың» жағдайы өте жақсы. Алға жылжушылық бар. Ұйымдастырушылық жағында да, басқа жұмыстары жағында да жақсы жұмыстардың жүргізіліп жатқаны көрініп тұр. Жанкүйерлері де керемет.
Сұлтан Әбілдаев, «Қайсар» командасының жаттықтырушысы:
- Алғашқы голға дейін ойынымыз тәп-тәуір жүрді. Одан кейін қатарынан екі гол жіберіп алдық та, арнамыздан ауытқып кеттік. Бірінші таймда гол соғатын жақсы мүмкіндіктеріміз болды. Бірақ доп қақпаға дарымай-ақ қойды. «Ақтөбенің» де мықтылығын мойындауымыз керек. Бізде ондай деңгейдегі ойыншылар болмай тұр.
- Кирилл Прядкин неге алаңға шыққан жоқ?
- Әр үш күн сайын алаңға шығып, жоғары деңгейде өнер көрсету мүмкін емес. Біз бүгін бірқатар ойыншыларға демалыс беруді жөн көрген едік.